АЛМАТЫ, 9 шілде – Sputnik. Алматыда "құл базар" атанып кеткен орын "Алтын орда" базарына жақын орналасқан. Қазір бұл маңай жұмыссыздарға толып барады. Sputnik Қазақстан тілшісі екі қолға бір күрек іздегендер неліктен мұнда келетінін, нәпақасын қалай тауып жүргенін біліп қайтты.
Алматыдағы "құл базар" жұмыссыздарға толып барады
© Sputnik / Айдана Дайырова
Жалданып жұмыс істеп жүргендер тоқтаған көлікке жаппай бас салады, ал жөн сұрасқанға үрке қарап, дауласа кетеді. Кезінде Алматының Сейфуллин көшесіне жағалай тұрып жалданғандардың қазіргі мекені – Алтын орда базары. Жұмыссыздар әбден ашынған, қажыған, әйтсе де бір күндік нәпақасын тапқанына тәубе етеді.
Sputnik Қазақстан тілшісі жүздеген адам тұрған "құл базардағы" әрбір адаммен тілдесті. Айтатыны бір – "күнкөріс үшін жүрміз".
Кезінде ауыл шаруашылығы саласында агроном болып істеген Мұрат есімді елуді алқымдаған азаматтың айтуынша, күнкөрісі мардымсыз, әйтеуір әупірімдеп өмір сүріп жүрген жайы бар.
Алматыдағы "құл базар" жұмыссыздарға толып барады
© Sputnik / Айдана Дайырова
"Біздің еңбекке ешқашан лайықты ақша төленбейді. Қазір 25 млн теңгеден төмен үй жоқ. Үйдің құрылыс материалдарына бас-аяғы 7 млн теңге шығындап, үйді 25-30 миллионға сатады. Оны бізге салдырады. Ары кетсе құрылысқа 10 млн кетеді дейік, ал дайын үйді 30 млн теңгеге сатады. Түскен пайда 20 млн теңгеден бізге лайықты төлесе болады ғой. Бірақ бізді жалдағандар тиын-тебен ғана береді", - дейді Мұрат.
Алматыдағы саңырауқұлақша қаптап жатқан көпқабатты ғимараттарға да осы жерден адам жалдайтын көрінеді.
"Ондай үлкен құрылыстарға бізді жалдаса, қатырып тұрып жасап берер едік. Күнделікті касса бекітіп, сол кассадан бізге ақша беріп отырса, осы жерде ешкім көрінген көлікке жүгіріп жалынбас еді. Мұнда жұмыс іздеп келетіндер көп. Бірі келіп, бірі кетіп жатады", - дейді жалданушылар.
Айтуларынша, мұндағылардың тең жартысы құрылыс саласын бүге-шігесіне дейін білетін шеберлер.
Алматыдағы "құл базар" жұмыссыздарға толып барады
© Sputnik / Айдана Дайырова
Құрылыстан тендер ұтып алып, арзанқол біз сияқтыларға салдыратындар да бар, дейді олар.
Шағым айтсақ, полиция ұстап әкетеді деп дымын шығармай, бәрі жақсы, өзімізге ұнайтын тірлік дейтіндер де табылды.
"Жұмысқа тұрсақ, 150-200 мың теңге ғана еңбекақы төлейді. Оған бала-шағаны қалай бағамыз. Амалсыз осы жерге келіп жалданып жұмыс істейміз. Үкіметке алақан жайып жатқан жоқпыз, ешкімнің мазасын алмаймыз, жалданған жеріміз ақшасын төлесе болды. Ешкім жеңіл жұмысына апармайды, міндетті түрде ауыр жұмысқа жалдайды", - дейді олар.
"Құл базардағылардың" айтуынша, сағатына 1000-1500 теңгеге жалданады. Одан артық төленбейді, кейде күніне 5000 теңге төлесе де көнуге тура келеді екен.
Ерлан есімді азаматтың айтуынша, құл базардағылардың 70%-і сотталып, жазасын өтеп шыққандар. "Сотталған" деген тілдей параққа бола бағымыз ашылмай жүр дейтіндер де бар.
"Мен 5 жыл жазамды өтеп шықтым, еш жерге жұмысқа алмайды. Қайтем енді, бала-шағаны бағуым керек. Апарып ауыр жұмысын істетеді, ас-су бермейді. Сенесіз бе, бір жұтым су бермейтін кісілер де бар", - дейді Дастан.
"Құл базарда" ер адамдармен қоса әйелдер де тұрады.
Алматыдағы "құл базар" жұмыссыздарға толып барады
© Sputnik / Айдана Дайырова
"Мен екі қабатты үйді 20 мың теңгеге, бір қабатты үйді 15 мыңға тап-тұйнақтай етіп жинаймын. Отымен кіріп, күлімен шығамын. Үй жинау ғана емес, неше түрлі жұмыстары болады ғой. Ешқандай жұмыс таңдамаймыз, кез келген жұмысты атқара береміз", - дейді Сәуле Нұрғожаева (аты-жөні өзгертілген).
Мұндағылардың бәрі жалдамалы баспанада тұрады.
"Күнде ақша тауып жатқан жоқпыз, кейде 3-4 күн жұмыс болмай қалады. Баспанамыз жоқ, пәтер жалдап тұрамыз. Азық-түлік пен сол тұратын жер үшін осында жүрміз", - дейді Зәбира Төленова.
Жалданып жан бағып жүргендердің ішінде жасы да, кәрісі де бар.
Айта кетері, журналистен басын алып қашып, тіпті қоқан-лоққы көрсеткендер де табылды. Әсіресе жастар жағы ұялы телефонына түсіріп, журналистің қысым көретіп жатқанын айтып, аттандаумен болды.
Алматылықтардың айтуынша, "құл базар" Алтын орда базарының маңында ғана емес, басқа жерлерде де бар.