АЛМАТЫ, 8 шілде – Sputnik. Алматыдағы автобустардың бірінде жас жігіт егде жастағы адамды соққыға жықты, деп хабарлайды қалалық полиция департаменті.
Оқиғаның бейнежазбасы әлеуметтік желіде тарап кеткен. Онда жас жігіттің қарияны ұрып жатқаны түсірілген. Желі қолданушыларының айтуынша, егде жастағы ер адам мас күйде жігіттің қарындасына жағымсыз қылық көрсеткен. Бұны көрген ағасы өзін-өзі ұстай алмаған. Алайда полиция бұл ақпараттың расталмағанын айтады.
"Осы дерек бойынша Әуезов аудандық ПБ-на қарасты полиция бөлімі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Құқық бұзушы анықталып, ұсталды. Оқиғаның барлық мән-жайы, соның ішінде жәбірленушінің орналасқан жері анықталуда", - дейді полиция.
Қартты ұрған адам ұсталғанымен, қарияның өзі табылмай жатыр. Полиция іздеп жатқандарын айтады.