Қазақстан Нью-Йорк, Токио және Сингапурге рейстер ашу мәселесін пысықтап жатыр

Бүгінде Қазақстан әлемнің 30-дан астам елімен тікелей әуе қатынасын қалыптастырған
Sputnik
АСТАНА, 8 шілде – Sputnik. Мемлекет басшысы Халықаралық азаматтық авиация ұйымы кеңесінің (ICAO) президенті Сальваторе Шаккитаноны қабылдады, деп хабарлады Ақорда.
Кездесу барысында Қазақстанның өңірде тәуелсіз Авиация әкімшілігін құрған алғашқы ел екені айтылды. Бұл қадам ұшу қауіпсіздігіне бақылауды айтарлықтай күшейтуге мүмкіндік берді. Өткен жылдан бері Монреаль қаласында Қазақстан Республикасының ICAO жанындағы Тұрақты өкілдігінің кеңсесі жұмыс істей бастады.

"Халықаралық әуе тасымалдарының географиясы кеңейіп келеді. Бүгінде Қазақстан әлемнің 30-дан астам елімен тікелей әуе қатынасын қалыптастырған. Нью-Йорк, Токио және Сингапур қалаларына рейстер ашу мәселесі пысықталып жатыр", - деп жазылған хабарламада.

Президент былтыр Алматы, Шымкент және Қызылорда қалаларында жаңа терминалдар пайдалануға берілгенін айтты. Соның ішінде Алматы әуежайының өткізу қабілеті алты есе, яғни, жылына 2,5 миллионнан 14 миллион жолаушыға дейін ұлғайды.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен ICAO арасында қол қойылатын азаматтық авиация бас жоспарының маңызына тоқталды. Аталған құжат авиация секторын ұзақмерзімді дамыту стратегиясы ретінде қарастырылады.
Президент авиация саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту мен нығайтуға қосқан үлесі үшін Сальваторе Шаккитаноны I дәрежелі "Достық" орденімен марапаттады
Өз кезегінде ICAO кеңесінің президенті еліміздің азаматтық авиация саласындағы жетістіктерімен құттықтады. Ол Қазақстанда авиация қарқынды дамып, орнықты өсім көрсетіп отырғанына және нақты құрылымы жасақталғанына назар аударды.
Кездесуде президент авиация саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту мен нығайтуға қосқан үлесі үшін Сальваторе Шаккитаноны I дәрежелі "Достық" орденімен марапаттады.