АЛМАТЫ, 8 шілде – Sputnik. "ИННОПРОМ" XV Халықаралық өнеркәсіп көрмесі аясында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің өнеркәсіп министрлері кеңесінің үшінші отырысы өтті, деп хабарлайды Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі.
Ведомствоның мәліметінше, халықаралық көрмеде Шанхай ынтымақтастық ұйымы өнеркәсіптік ынтымақтастықты нығайтуда.
Кеңес жұмысына ШЫҰ-ға мүше елдер — Қазақстан, Қытай, Иран, Үндістан, Пәкістан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстанның өнеркәсіп өкілдері қатысты.
Жиын барысында өнеркәсіптік ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен даму келешегі туралы талқыланды.
"Отырыс қорытындысы жұмыстың тиімділігін бірігіп арттыруға және кооперацияны нығайтуға бағытталған маңызды құжаттар мақұлданды. Атап айтқанда, қатысушылар өнеркәсіп саласы бойынша тұрақты жұмыс істейтін жұмыс тобының регламентін және ШЫҰ шеңберінде конгресс-көрме іс-шараларын ұйымдастыру ережесін бекітті", - дейді министрлік.
Бұл құжаттар өзара іс-қимылды жүйелеп, өнеркәсіптік әлеуетті дамытуда ортақ жұмысты жандандырады.
Кеңес ШЫҰ елдерінің өнеркәсіптік интеграцияны тереңдетуге, озық технологиялармен алмасуға және өндірістік саладағы кооперациялық байланыстарды кеңейтуге мүдделі екенін көрсетті.