Күштеп ұстаған: мүгедектігі бар адамдарды қайыр сұрауға мәжбүрлегендер сотталды

Осы іс бойынша 50 жастағы әйел мен оның екі ұлы жауапқа тартылды
Sputnik
АСТАНА, 4 шілде - Sputnik. Қайыр сұраумен байланысты "отбасылық бизнес" бас бостандығынан айыруға әкеп соқты, деп хабарлады бас прокуратура.
Ақтау қалалық сотының үкімімен Қылмыстық кодекстің 126-бабы (бас бостандығынан заңсыз айыру) және 128-бабы (адамды қанау) бойынша ауыр қылмыс жасағаны үшін үш адам сотталды.
Ведомство мәліметінше, сотталғандар 2023 жылдың қазанынан 2024 жылдың наурызына дейінгі кезеңде Ақтау қаласында мүгедектігі бар екі адамды күштеп ұстап, оларды пайда табу мақсатында пайдаланып, қоғамдық орындарда қайыр сұрауға мәжбүрлеген.
"Аяғы жоқ екі жәбірленушіні Қарағанды қаласынан алдап алып келіп, әуелі Семей қаласында қайыр сұрауға мәжбүрлеген. Кейін Ақтау қаласына әкеліп, жергілікті базарларда пайдаланған. Олар тапқан ақшаны сотталғандар өздеріне алып отырған", - деп жазылған хабарламада.
Жәбірленушілер осы уақыт бойы, соның ішінде қашуға әрекеттенгені үшін, қорқытуға, психологиялық және физикалық зорлық-зомбылыққа ұшыраған.
Тек 2024 жылдың наурыз айында олардың бірі полицияға хабарласып, бұл қылмыстық схеманы ашуға мүмкіндік берген.
Осы іс бойынша 50 жастағы әйел мен оның екі ұлы жауапқа тартылды. Олардың үшеуі де 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
Экс-министр Бекетаев 9 жылға сотталды