Оралда "жылдам ақша" алған тұрғындар қарызға батқан – қылмыстық іс қозғалды

Қарыз алушылар күн сайын 1,5% төлеуге мәжбүр болды
Sputnik
АСТАНА, 2 шілде – Sputnik. Батыс Қазақстан облысында "Жылдам ақша" қаржы ұйымының филиалдар желісін ұйымдастырған топ тергеуге алынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.
Күдіктілер Орал қаласының тұрғындарына лицензиясыз микрокаржылық қызмет көрсетіп, "Жылдам ақша" филиалдары арқылы 1,5 млрд теңгеден астам қаржыға кредит берген.
"Ал несиенің пайыздары бөлек шартпен "кеңес беру қызметі" ретінде рәсімделген. Оның бәрін бір күдіктінің туысына тіркелген жеке фирма арқылы жасаған. Қарыз алушылар күн сайын 1,5% төлеуге мәжбүр болды. Бұл заңмен белгіленген 0,3% шекті мөлшерлемеден бес есеге артық", - дейді агенттік мамандары.
Осылайша, "Жылдам ақша" атты заңсыз микроқаржы ұйымы арқылы 47 мыңнан астам қарыз жоғары пайызбен берілген. Алдын ала мәліметке сәйкес, заңсыз алынған табыстың көлемі 917 млн теңгені құрайды.
Соттың санкциясымен күдіктілердің мүлкіне – өндірістік коммерциялық нысан мен бір пәтерге тыйым салынды.
Абай облысында қаржы пирамидасы халықтан 790 млн теңге жинаған