АСТАНА, 30 маусым – Sputnik. “Шығыс” өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің бұрынғы қолбасшысы – отставкадағы генерал-майор алаяқтық үшін ұсталды. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Бигайдаров мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қазіргі кезде сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды.
“Ол адал кәсіпкердің сенімін асыра пайдаланып, жоғары дәрежелі әскери беделін пайдаланып, оның ақшалай қаражатын аса ірі мөлшерде иемденген”, - деді Бигайдаров бүгінгі брифингте.
Генерал-майор министрліктер мен шетелдік әріптестердің ықпалды өкілдерінің көмегімен Қазақстанда әлеуметтік жобаларға салынған инвестициялардан жоғары табыс табуға уәде берген. Күдікті соттың санкциясымен қамауға алынды. Оның осындай басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
“Егер Сіз немесе Сіздің таныстарыңыз осы азаматтың іс-әрекетінен зардап шеккен болса, сондай-ақ тергеу үшін пайдалы ақпаратқа ие болсаңыз, келесі әдістердің бірімен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке хабарласуыңызды сұраймыз”, - деп атап көрсетті Бигайдаров.