АСТАНА, 30 маусым – Sputnik. Абай облысында сарбаз бен оның ата-анасы жол апатынан көз жұмды, деп хабарлайды Құрлық әскерлерінің баспасөз қызметі.
"Құрлық әскерлерінің қолбасшылығы 2025 жылғы 28 маусымда Аягөз гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінің мерзімді әскери қызметшісі және оны сейілдемеден әскери бөлімге алып келе жатқан ата-анасы жол апаты салдарынан қаза тапқанын зор күйзеліспен хабарлайды", - деп жазылған хабарламада.
Аталған факті бойынша уәкілетті органдар тергеу шараларын жүргізіп жатыр.
Құрлық әскерлерінің қолбасшылығы қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтып, тиісті көмек көрсетілетінін жеткізді.
"Қаза тапқандардың денесін тұрғылықты жеріне жеткізу үшін әскери борт бөлінді", - деп хабарлады ведомство.