АСТАНА, 28 маусым – Sputnik. Бурабайда мектеп оқушысын таудан түсіру үшін құтқарушыларды шақыруға тура келді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ресми мәліметке сәйкес, жасөспірім Абылай хан алаңы жанындағы Көкшетау тауына шыққан. Ал түсіп келе жатқанда аяғын қайырып алыпты.
"Оқиға орнына төрт адамнан тұратын құтқарушылар тобы шұғыл барды. Зардап шеккен жасөспірімге алғашқы көмек көрсетілді. Таулы аймақтан түскеннен кейін одан әрі тексеру және емдеу үшін жедел медициналық жәрдем бригадасына тапсырылды", - дейді құтқарушылар.
Төтенше жағдайлар министрлігі тауға барған кезде қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттігін ескертті.