АСТАНА, 19 маусым – Sputnik. Маңғыстау облысында лоторея ойнатқан блогерлер тергеліп жатыр, деп хабарлайды Қаржылық мониторинг агенттігі.
"Ақтау қаласында ерлі-зайыпты Instagram, TikTok және Telegram желілерінде 850 мыңнан астам оқырманы бола тұра, ауқымды онлайн-лотереялар ұйымдастырған. Лотерея операторы ретінде тіркелмегеніне қарамастан, олар автокөлік, пәтер және басқа да бағалы жүлделер ойнатқан", - деп жазылған хабарламада.
Қатысушылар құны 500-ден 50 000 теңгені құрайтын билет (цифрлық нөмір) сатып алып отырған.
Тергеу мәліметіне сәйкес, бұл лотереяларға 1 800-ден астам азамат қатысқан.
Заңсыз қызмет нәтижесінде қылмыстық табыс сомасы 162 млн теңгеден асқаны анықталды.
Қазіргі уақытта күдіктілердің мүлкі мен банк шоттарына тыйым салынды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.
БАҚ істі болған блогерлердің белгілі әнші Абай Бегейдің қызы мен күйеу баласы екенін жазып жатыр.