"Өзбекстанға жанкүйер боламыз": Тоқаев Мирзиёевті тарихи жетістікпен құттықтады

Өзбекстанның ұлттық құрамасы футболдан 2026 жылғы Әлем чемпионатының финалдық бөлігіне шыққан болатын
Sputnik
АСТАНА, 17 маусым – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан басшысын осы елдің ұлттық құрамысының футболдан Әлем чемпионатының финалдық кезеңіне шығуымен құттықтады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін Астанада "Орталық Азия – Қытай" саммиті өтті. Оған келген бес елдің басшысы алфавит тәртібімен сөйледі. Өзбекстан президенті ең соңғы болып сөз алды. Қасым-Жомарт Тоқаев оған сөз бермес бұрын футболдағы тарихи жетістікпен құттықтады.
"Өзбекстан президенті, құрметті Шавкат Миромонұлы Мирзиёевке сөз бермес бұрын оны спорттағы тарихи жетістікпен - Өзбекстанның ұлттық құрамасының футболдан 2026 жылғы Әлем чемпионатының финалдық бөлігіне шығуымен шын жүректен құттықтаймын. Бұл – өзбек футболының үлкен табысы. Біз өзбек бауырларымыз үшін шын жүректен қуаныштымыз. Сіздерге жанкүйер боламыз", - деді Тоқаев.
Айта кетері, Өзбекстан құрамасы Азия футбол конфедерациясының іріктеу турнирі аясында 18 ұпай жинап, А тобында екінші орнын сақтап қалды. Осылайша, алғаш рет футболдан Әлем чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алды. Чемпионат 2026 жылы АҚШ, Канада мен Мексикада өтеді. Тарихта тұңғыш рет әлем чемпионаты бірден үш мемлекетте өткелі отыр.
Өзбекстан тұңғыш рет футболдан әлем чемпионатына қатысады