АСТАНА, 13 маусым – Sputnik. Олжас Бектенов көлік жобаларын жүзеге асыру бойынша жұмыстардың орындалу барысын тексерді, деп хабарлады үкімет.
Жиын барысында премьер-министр жол жұмыстарының сапасы мәселесін көтерді.
"ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев автоматтандырылған өлшеу жүйелерінің жұмысы туралы баяндады.
"Қазіргі уақытта республикалық жолдарда осындай 27 кешен жұмыс істейді, 2025 жылға тағы 25 АӨЖ орнату жоспарланған, 2026 жылы олардың жалпы саны 126 бірлікке дейін жеткізіледі", - деп жазылған хабарламада.
Еске салайық, арнайы датчиктердің көмегімен автоматтандырылған өлшеу жүйелері шамадан тыс жүктемені анықтау және жол жамылғысының бұзылуын болдырмау үшін көлік құралдарының өлшемдері туралы ақпаратты жедел түрде жібереді.
Жиында айтылған дерек бойынша 2025 жылға қарай 13 мың шақырым автожол, 6,1 мың шақырым темір жол жұмысымен қамтылған және 6 әуежайды жаңғыртылып, салынып жатыр, сонымен қатар су көлігі саласында 2 жоба жүзеге асырылып жатыр.