АСТАНА, 13 маусым – Sputnik. Қарағанды облысында медицина қызметкерлеріне күш қолдану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлады polisia.kz.
Оқиға 12 маусым күні Қарағанды облыстық балалар ауруханасында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, 38 жастағы облыс тұрғыны сөзге келіспеушілік барысында екі дәрігерге дене жарақатын салған.
Күдікті оқиға орнында ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
"Аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты және объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүзеге асырылып жатыр", - дейді полицейлер.
Медицина қызметкерлеріне қатысты күш қолдану әрекеті – қоғамдық тәртіптің өрескел бұзылуы ретінде бағаланып, жол берілмейтін жағдай болып табылады, дейді тәртіп сақшылары.