Әлеуметтік желіде онлайн құмар ойынын ұйымдастырғандар сотталды

Жиналған заңсыз табыс көлемі 10,5 миллион теңгені құрады
Sputnik
АСТАНА, 12 маусым – Sputnik. Қаржылық мониторинг агенттігі Алматы қаласы бойынша департаменті TikTok әлеуметтік желісі арқылы онлайн-құмар ойындарды ұйымдастырған екі тұрғынға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру ісін аяқтады.
Тергеу барысында күдіктілердің тұрақты түрде тікелей эфир өткізіп, құмар ойын ұйымдастырғаны анықталды. Азаматтар ойынға қатысу үшін ақшаны банк қосымшалары арқылы ұйымдастырушылардың шоттарына аударып отырған.
Жиналған заңсыз табыс көлемі 10,5 миллион теңгені құрады.
"Сот үкімімен екі адам заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін кінәлі деп танылды. Біріне 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалса, екіншісі 2 жыл 6 айға бостандығын шектеу түріндегі жазаға тартылды", - делінген хабарламада.
Айта кету керек, TikTok-тағы ойындардың негізгі аудиториясын жастар құраған. Бұл – интернет кеңістігінде белсенді жастардың құмар ойындарына тартылу қаупін арттырып отыр.
Тағы бір әлеуметтік топқа құмар ойын ойнауға тыйым салынды – заң президентке жіберілді