"60 мың жауынгер жанын пида етті": Словакия премьері Қазақстанға алғыс айтты

Қазақстандықтар1944-1945 жылдары Словакияны азат етуге өлшеусіз үлес қосты
Sputnik
АСТАНА, 11 маусым – Sputnik. Словакия премьер-министрі Роберт Фицо Қазақстан халқына Ұлы Отан соғысы кезіндегі көмегі үшін алғыс айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін Фицоны Ақордада Қасым-Жомарт Тоқаев қарсы алды. Сол кезде Словакия үкіметінің басшысы Қазақстан халқына өз алғысын жеткізді.
"1944-1945 жылдары Словакияны азат етуге қосқан өлшеусіз үлестеріңізге шынайы ризашылығымды білдіремін. Кеңес әскері сапында Қазақстанның миллионға жуық сарбазы қан майданда шайқасты. Олардың ішінде 60 мыңға тарта жауынгер Словакияны жаудан қорғау үшін жанын пида етті. Сол сұрапыл уақытта Словакияға жасаған жақсылықтарыңызды ешқашан ұмытпаймыз", - деді Фицо.
Осыдан кейін Словакия премьер-министрі Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған өршіл бастамаларды асқан қызығушылықпен бақылап отырғанын айтты.
"Еуропа Одағындағы әріптестеріме тек Ұйым шеңберіндегі жұмыспен шектелмей, әлемге кеңінен қарап, өзге де мемлекеттердің жетістіктерін зерделеу керек екенін үнемі айтып келемін. Біз дүние жүзіндегі серіктестерімізбен белсенді ықпалдастық орнатып, ынтымақтастықты нығайта беруіміз қажет", – деп атап өтті ол.
Тоқаев Ақордада Словакия премьер-министрін қарсы алды