АСТАНА, 10 маусым – Sputnik. Ақтөбеде кішкентай балаларын тұншықтырып өлтірген әйелге қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлады облыстық сот.
Қайғылы оқиға 23 наурызда Қандыағаш қаласында болған. Әйел 2022 және 2024 жылы туған кішкентай балаларын жастықпен тұншықтырып өлтірген.
"Сот отырысына айыпталушының өзі қатыспады. Оның өкілі ретінде сотта жақын туысы жауап берген. Өкілдің айтуынша, әйел босанғаннан кейінгі депрессияға ұшыраған", - дейді ведомство.
Психологиялық-психиатриялық сараптама күдіктінің есі дұрыс еместігін растап, сарапшылар оған қарқынды стационарлық емдеуді қажет ететінін атап өтті.
Қылмыстық кодекске сәйкес, әйел психикалық жағдайына байланысты қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды.
"Сот оны қылмыстық жауапкершіліктен босатты. Әйелге қатысты мәжбүрлеп психиатриялық стационарда емделу түріндегі медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы шешім қабылданды", - делінген хабарламада.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.