АСТАНА, 9 маусым - Sputnik. Қазақстан атом электр станциялары үшін Болгарияға уран жеткізуге ниетті, деп мәлімдеді "Самұрық-Қазына" басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов.
"Болгарияда екі блоктан тұратын атом электр станциясы бар. Ынтымақтастықтың әлеуеті біздің уранды Болгар атом электр станциясына жеткізуде жатыр", - дейді Нұрлан Жақыпов.
Уран көлеміне келетін болсақ, бұл жабық ақпарат, деді Жақыпов.
Сондай-ақ "Самұрық-Қазына" басшысы Қазақстанда АЭС салумен айналысатын ҚАЭС туралы жаңалықты хабарлады. Серіктестік атом энергиясы жөніндегі жаңа агенттіктің қарамағына берілетін болады.
"Қазақстандық атом электр станциялары" ЖШС 2014 жылы атом станциясының құрылысын ұйымдастыру үшін құрылған. Қазір компания - "Самұрық-Қазына" қорының қарамағында.
Айта кетейік, бүгін Ақордада Астанаға ресми сапармен келген Болгария президенті Румян Радев пен Қасым-Жомарт Тоқаевтың келіссөздері өтіп жатыр.