Лизингті қаржыландыру көлемі 450 млрд теңгеге дейін ұлғайтылады

Министрлік 2028 жылға дейін техника паркін жаңарту деңгейін 9%-ға жеткізуді жоспарлап отыр
Sputnik
АСТАНА, 9 маусым – Sputnik. Шаруалар үшін жеңілдетілген лизингті қаржыландыру көлемі 450 млрд теңгеге дейін ұлғайтылады, деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
Субсидиялау бағдарламасы аясында шаруаларға сатып алынған техника құнының 15%-дан 30%-ға дейінгі бөлігі өтеледі (техниканың басымдық деңгейіне қарай).
Қосымша қолдау ретінде – сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау жүзеге асырылады:
басым техника бойынша 6%-ға дейін,
ал қалған түрлері бойынша 15%-ға дейін.
Сонымен қатар техникаға жеңілдетілген лизинг бағдарламасы да қарқынды дамып келеді, ол шаруаларға жылдық 5% мөлшерлемемен техника алуға мүмкіндік береді.
2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша республикада 139 мың трактор, 31 мың комбайн, 5,6 мың егіс кешені, 71 мың тұқым сепкіш және 141 мың топырақ өңдейтін құрал бар.
2024 жылы техника паркін жаңарту деңгейі 5,5%-ды құрап, 2023 жылғы көрсеткіштен (4,5%) айтарлықтай жоғары болды.
"2025 жылға арналған міндет – жаңарту деңгейін 6,5%-ға дейін жеткізу. Жалпы алғанда, ауыл шаруашылығы техникасы паркін технологиялық тұрғыдан заманауи деңгейде ұстау үшін жаңарту көрсеткішін 8-10%-ға дейін жеткізу қажет", - деп жазылған хабарламада.
Министрлік 2028 жылға дейін техника паркін жаңарту деңгейін 9%-ға жеткізуді жоспарлап отыр. Осыған байланысты ауыл шаруашылығы техникасының жеңілдетілген лизингі бағдарламасын қаржыландыру көлемін 450 млрд теңгеге дейін арттыру жоспарланған.
"Жеңілдетілген лизинг" бағдарламасы аясындағы ілгерілеу айқын байқалады: 2025 жылы аталған бағдарламаға кемінде 250 млрд теңге бөлініп, шамамен 6 мың бірлік техника сатып алынады.
24 ақпаннан бастап – өтінімдер қабылдау басталған күннен бері "ҚазАгроҚаржы" АҚ-ға 3555 өтініш келіп түсті, олардың жалпы сомасы – 129,2 млрд теңге. Қазірдің өзінде 2400 шарт жасалып, жалпы құны 85,7 млрд теңге болатын 4580 бірлік техника жеткізу жоспарланған.