АСТАНА, 9 маусым – Sputnik. Қазақстанның 3000-нан астам ауылы жоғары жылдамдықты интернетке қосылады.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен "Қазақтелеком" 3000-нан астам ауылды интернетке қосу туралы инвестициялық келісім жасасты.
"Мәміленің арқасында талшықты-оптикалық байланыс желісін салу жобасы жоспардан бұрын – 2026 жылдың соңына дейін аяқталады. Ал шалғай аудандардағы байланыс 2027 жылдың соңына дейін жерсеріктік байланыс арналарымен қамтамасыз етіледі", - дейді министрлік.
Нәтижесінде 2027 жылдың соңына қарай елдегі ауылдардың 99%-ін жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету мүмкін болмақ.
"Сондай-ақ жақын арада мектеп, аурухана, әкімшілік ғимарат, бюджеттік ұйымдар, қоғамдық орындар мен мемлекеттік шекаралардағы 40-тан астам өткізу бекеттері желіге қол жеткізе алады", - дейді ведомство.
Ауылдық елді мекендерді талшықты-оптикалық (88%) және жерсеріктік арналар (12%) арқылы желіге қосады.