АСТАНА, 4 маусым – Sputnik. Сенат Мәскеуге қарсы жаңа санкциялар туралы заң жобасын қабылдауға дайын, деп мәлімдеді АҚШ президентінің өкілі Кит Келлог Fox News арнасына берген сұхбатында. Бұл туралы РИА Новости хабарлады.
"Мен өткен демалыс күндері Линдси Грэммен* сөйлестім және сенаторлар әрекет етуге дайын деп ойлаймын. Олар оны "2025 жылғы Ресейге қарсы санкциялар туралы заң" деп атады және менің ойымша, Грэм оларды қабылдауға дайындады. Бұл санкциялар өте қатал болады", - деді ол.
Дүйсенбіде сенатор Грэм Канадада 15-17 маусым аралығында өтетін G7 саммитіне дейін шектеулерге қол жеткізгісі келетінін айтты.
Өз кезегінде Дональд Трамп келіссөздер жүріп жатқан кезде шектеулер енгізуге ниеті жоқ екенін баса айтты.
Еске салайық, дүйсенбі күні Түркияда Ресей мен Украина келіссөздерінің екінші раунды өтті. Ыстанбұлдағы Чириган сарайында өткен кездесу бір сағаттан астам уақытқа созылды. Онда тараптар қақтығысты реттеу туралы меморандумдармен алмасты. Сондай-ақ Мәскеу мен Киев тұтқындарды айырбастауға келісті. Сонымен қатар мәйіттерді жинау үшін майданның белгілі бір аудандарында екі-үш күнге атысты тоқтатуға келісті.
1 сәуірде АҚШ сенатына Ресейге қарсы мазмұнымен танымал Грэм* заң жобасы — "2025 жылғы Ресейге қарсы санкциялар туралы акт" ұсынылды. Құжатта Мәскеудің Украинадағы қақтығысты реттеу бойынша келіссөздерден бас тартуы немесе болашақта мүмкін болатын келісімді бұзуы деген сылтаумен оған қарсы шектеулер мен басқа да шаралар енгізу қарастырылған.
Атап айтқанда, Ресейден мұнай, мұнай өнімдерін, табиғи газ және уран сатып алатын елдерден АҚШ-қа әкелінетін тауарларға 500 пайыздық баж салығын енгізу ұсынылып отыр. Сонымен қатар, құжатта америкалық азаматтардың ресейлік борыштық бағалы қағаздарды сатып алу операцияларына қатысуына тыйым салу да бар.
* Ресейде террористер мен экстремистер тізіміне енгізілген.