2 жасар бүлдіршін балабақшада күйіп қалған: анасы әділдік іздейді

Қыздың денесінің 40%-ін 1, 2 және 3 дәрежелі күйік шалды
Sputnik
АСТАНА, 4 маусым – Sputnik. Қызылорда қаласында балабақшалардың бірінде 2 жасар бүлдіршін қайнаған суға күйіп қалған. Анасы бұл оқиғаға тәрбиеші мен күтуші кінәлі дейді.
2 жасар бүлдіршін балабақшада күйіп қалған: анасы әділдік іздейді
Еркежан есімді қыздың денесінің 40%-ін 1, 2 және 3 дәрежелі күйік шалған. Ол ауыр жағдайда реанимацияға түсіп, қазіргі таңда палатаға ауыстырылған. Бірақ баланың жағдайы әлі де күрделі.

"Ата-ана ретінде, бұл жағдайдың әділ тергелуін, кінәлі тәрбиеші мен күтуші ғана емес, балабақша басшылығы мен Қызылорда қалалық білім бөлімінің жауапты тұлғаларын да жауапкершілікке тартуды талап етеміз. Мұндай қайғылы жағдай ешбір бала мен ата-ананың басына түспеуі тиіс. Балабақшаларға, өрт қауіпсіздігіне және санитарлық жағдайға бақылау күшейтілуі керек", - дейді бүлдіршіннің анасы өзінің әлеуметтік парақшасында.

Қызылорда облысының полиция департаменті кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөніндегі міндеттер жүктелген адамның оны орындамау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғағанын айтты.

"Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде, полиция барлық материалдарды зерттеп жатыр. Тиісті ұсыныс қалалық білім басқармасына енгізілді. Істің тергелу барысы бақылауға алынды", - дейді полиция.
Атырауда бүлдіршінді тепкен балабақша тәрбиешісі жұмыстан қуылды