АЛМАТЫ, 3 маусым - Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованы қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.
Жақыпова президентке әлеуметтік даму, еңбек қатынастары салаларының қазіргі жай-күйі мен алдағы жоспарын баяндады.
Оның айтуынша, биылғы 1 мамырға дейін 157,8 мың адамды еңбекпен қамтылып, 143,2 мың азамат жұмысқа орналастырылған. Жыл басынан бері 232 мыңнан астам адамға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілген.
"Еңбек құқығын қорғаудың нәтижесінде өндірістік жарақат алу көрсеткіші биылғы І тоқсанда 17%-ке төмендеді, ал өлімге әкеп соғатын қайғылы оқиғалар өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5%-ке азайды", - дейді Жақыпова.
Сондай-ақ бұл салада инвестицияның тиімділігін арттыру және жұмыс орындарын сапалы түрде жоспарлау үшін жобалардың инновациялық навигаторы енгізілген.
Министр Тоқаевқа әлеуметтік қолдау көрсету үдерісін цифрландыру жұмыстарын таныстырды. Атап айтқанда, министр әлеуметтік-экономикалық орнықтылық пен осал отбасыны бағалауға арналған скорингті моделді қолдану тұжырымдамасын ұсынды. Бұл жоба енгізілсе қаражатты шын мұқтаж жандардың пайдасына қайта бөлуге және қолдау шараларының нақты иесіне жетуіне мүмкіндік болады.
Кездесу соңында Тоқаев оған әлеуметтік саясатты одан әрі жетілдіруге, атаулы көмектің тиімділігін арттыруға, жұмыспен қамту шараларын кеңейтуге, еңбек және әлеуметтік салаларды цифрландыруға бағытталған бірқатар тапсырма берді.