Дәрілік заттарды тіркеу уақыты қысқарады

Дәрілік препараттардың құны шамамен 19%, көтерме-бөлшек саудада шамамен 30% төмендейді
Sputnik
АСТАНА, 3 маусым – Sputnik. Қазақстанда дәрілік заттарды тіркеу жеңілдейді. Бұл туралы денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында айтты.
Спикердің айтуынша, қолданыстағы ережелер шеңберінде дәрі-дәрмекті Қазақстанда айналымға жіберу рәсімі көп уақыт алады – шамамен 2 жылдан 5 жылға дейін.
"Цифрландыру министрлігімен бірлесіп, композиттік қызметті пилоттау жүргізіліп жатыр. Композиттік қызмет шеңберінде ішкі тіркеу процестерін оңтайландыруды көздейтін норма іске асырылмақ. Дәрілік препараттарды тіркеу 100 күн ішінде жүргізіледі", – деді Ержан Нұрлыбаев.
Орталық коммуникациялар қызметінің мәліметінше Еуропалық Одақ, Жапония, АҚШ, Ұлыбритания елдерінен әкелінген дәрі-дәрмектерді де жедел тіркеу мәселесі қарастырылып отыр. Дәрілік препараттарды тіркеу мерзімін 15 жұмыс күні ішінде жүргізу жоспарда бар. Сондай-ақ вице-министр ведомство дәрілік заттарға баға белгілеудің ашық моделін қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізгенін атап өтті.
"Баға моделі өзгертілді. Біздің ойымызша, дәрілік заттардың шекті бағасына негізсіз қосылған үстеме бағалар алынып тасталды. 1 шілдеге дейін Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген барлық дәрілік препаратты қайта есептеу жүргізіледі", - деді Нұрлыбаев.
Оның айтуынша қазір фармацевтикалық қоғамдастықпен аталған модельді сынақтан өткізуге қатысты белсенді жұмыс жүргізілуде.
"Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және МӘМС шеңберінде дәрілік препараттардың құны шамамен 19%, көтерме-бөлшек саудада шамамен 30% төмендейді деп болжанып отыр", - деді спикер.
Қазақстанда үш ауруға қарсы инновациялық дәрі шығара бастады