"Бізге алыстау": әкімнен ойын алаңын сұраған баланың анасы

Баланың мұндай өтінішін әкім тұрмақ, анасы да күтпеген
Sputnik
АСТАНА, 1 маусым - Sputnik. Маңғыстау облысы Түпқараған ауданы Ақшұқыр ауылының 5 жасар тұрғыны Заңғар Алым әкімнен ойын алаңын салып беруді өтінді. Бүлдіршіннің өтінішін әкім қалай қабылдады, Sputnik Қазақстан тілшісі баланың анасымен сөйлесті.
"Бала-іні" деген жоба бойынша ауыл әкімі балалармен кездесу өткізген. Балалар әкімге көкейлеріндегі сұрақтарды қояды.

"Мен 5-6 оқушы мен өзімнің үш баламды ертіп кездесуге бардым. Әкімге үлкен қызым қаңғыбас иттер туралы сұрақ қойды, екінші қызым тағы бір сұрағын айтты. Содан Заңғар "мама, мама, мен де сұрақ қояйыншы" деп жатты, мен мән бермеппін", - дейді Заңғардың анасы Жанар Қадырова.

Әкімге жақындаған бала "ойнайтын площадка жасап беріңізші" дейді. Баланың мұндай өтінішін әкім тұрмақ, анасы да күтпеген.
"Ойын алаңы болса ғой деп үйде әңгіме ететініміз бар. Бірақ әкімге ондай сұрақ қояды деп ойламадым. Ақшұқыр үлкен ауыл, ойын алаңдары бар, бірақ бізге алыстау. Жалпы Заңғар зерек бала. Ерте тілі шықты. Кәріс ұлтының әндерін жатқа біледі. Барлық автокөліктің маркасын жатқа айтады. Сосын миллионға дейінгі сандарды жаттап алған. Сағат тілін де жаңылмастан айтады", - дейді анасы.
Заңғар отбасында бес баланың кенжесі. Өзге балаларға қарағанда зерек дейді анасы. Анасы мектепте музыкадан сабақ береді, Заңғар да анасы сияқты ән айтуға жаны құмар.
Әкім Заңғардың мекен-жайын біліп алып, ойын алаңын салып беруге уәде етті.
Балалар "Ақорда" резиденциясына экскурсияға барды