АСТАНА, 28 мамыр– Sputnik. 2025 жылы ел аумағында шегірткелердің таралу көлемі 2,1 млн гектарға дейін жетуі мүмкін, дейді ауыл шаруашылығы министрлігі ресми хабарламада.
Қазіргі уақытта 14 өңірде 596,3 мың гектар алқапта өңдеу жұмыстары жүргізілген. Жұмыстар жоспарға сәйкес, штаттық режимде орындалып жатыр. Оларды ауыл шаруашылығы вице-министрлері, агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің өкілдері, сондай-ақ өңірлерде құрылған жедел штабтар бақылауда ұстап отыр.
"Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарындағы ахуалды жеке бақылауына алды. Күрес шараларына 443 арнайы бүрку техникасы жұмылдырылып, зерттеу жұмыстарына 4 625 маман тартылған. Қажетті техника мен препараттар жеткілікті", - дейді министрлік.
Сонымен қатар министрлік интернет кеңістігінде және бұқаралық ақпарат құралдарында шегірткелердің жаппай әрі бақылаусыз таралуы туралы шындыққа сәйкес келмейтін хабарламалар мен бейнематериалдардың таралып жатқандығын, тек ресми дереккөзге сенуге шақырады.