АСТАНА, 28 мамыр – Sputnik. Бүгін елордада қазақ-француз мектебінің капсуласы қаланды, деп хабарлайды оқу-ағарту министрлігі.
Шараға министр Ғани Бейсембаев, Францияның сыртқы сауда және шетелде тұратын француз азаматтары жөніндегі министр-делегаты Лоран Сен-Мартен қатысты.
Интернаты бар мектеп 800 орынға есептелген және Қазақстанның мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына сәйкестендірілген. Бұл мектепте барлық өңірдің балалары білім алады.
"Бұл — Қазақстан мен Франция арасындағы білім беру саласындағы тереңдетілген ынтымақтастықтың символы. Осы мектеп архитектуралық және білім беру тұрғысынан үлгі болып, біздің елдеріміз арасындағы нағыз көпірге айналады деп сенеміз", — деді министр.
Орталық Азиядағы халықаралық деңгейдегі негізгі білім беру ұйымдарының біріне айналатын болашақ мектеп 2026 жылдың 1 қыркүйегінде өз есігін ашады деп жоспарлануда. Сонымен қатар Алматы қаласында да қазақ-француз мектебі ашылады.