Маңғыстау облысында жылыту маусымына 25 млрд теңге бөлінеді

Жоспарды жүзеге асыру нәтижесінде Ақтау қаласы бойынша жылу желілерінің тозуы 79%-тен 75%-ке дейін төмендемек
Sputnik
АЛМАТЫ, 27 мамыр - Sputnik. Маңғыстау облысында алдағы жылыту маусымына дайындық үшін 25,8 млрд теңге көлемінде қаражат қарастырылған. Бұл туралы бүгін үкімет отырысында аймақ әкімі Нұрдәулет Қилыбай хабарлады.
Қаржы деңгейі өткен жылмен салыстырғанда 13%-ке артқан. Соның ішінде негізгі энергетикалық кәсіпорын "МАЭК" серіктестігі маусымға дайындық аясында келесідей жөндеу жұмыстарын жүргізбек:
ЖЭО-2-де - 3 турбоагрегат және 1 қазандық;
ТЭС-те - 1 энергоблок.
Сонымен қатар облыс бойынша келесі инженерлік желілерді жөндеу жоспарланып отыр:
электр желілері - 495,4 шақырым;
жылу желілері - 20,2 шақырым.
"Бүгінгі таңда Ақтау қаласында магистральдық және ішкі кварталдық жылу желілерін жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл жобаларға жергілікті бюджеттен 13,6 млрд теңге бөлінді, ҚР Үкіметі резервінен 3,6 млрд теңге қаражат бөлу көзделуде. Жаңғырту жұмыстары жылу беру маусымы басталғанға дейін аяқталатын болады", - деді Нұрдәулет Қилыбай.
Аталған жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде Ақтау қаласы бойынша жылу желілерінің тозуы 79%-тен 75%-ке дейін төмендемек.
Ақтаулықтарға жылу үшін төлеген 22 млн теңгесі қайтарылды