АЛМАТЫ, 26 мамыр - Sputnik. Өзін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің төрағасы ретінде таныстырған адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті.
Антикордың жалған қызметкері Жуалы ауданының №4 мектебінің директорына хабарласып, өзін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерімін деп таныстырған.
"Департамент Атырау облысының аумағында тұратын азаматтың жеке басын анықтады. Ол өзін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің төрағасы ретінде көрсетіп, бұрын еңбек тәртібін бұзғаны үшін жұмыстан босатылған қызметкерді жұмысқа қайта алуға жәрдем көрсетуді сұраған", - дейді ведомство.
Полиция жалған қызметкерге қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы "жала жабу" бойынша әкімшілік іс қозғады. Іс Атырау қалалық әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған сотында қаралды.
Сот шешімімен күдікті айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.