АСТАНА, 24 мамыр – Sputnik. Алматы облысында алкогольсіз сусын шығаратын зауыт салу жоспарланып отыр. Бұл туралы премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мен Данияның Қазақстандағы елшісі Йеспер Вардың кездесуі кезінде айтылды.
Тараптар инвестициялық жобаны іске асыру жайын талқылады.
"Қазақстанда алкогольсіз сусындар шығаратын зауыт салу бойынша Carlsberg Group пен PepsiCo компаниясының бірлескен жаңа жобасын іске асыру жоспарлануда. Зауыттың жалпы құны $250 млн-нан асады, жылына 340 млн литр сусын өндіріп, 500 жұмыс орнын ашу көзделген", - деп жазылған хабарламада.
Дания елшісі жоғары технологиялық өндірістік кешенді құру ауыл шаруашылығы өнімдерінің қосылған құнын едәуір арттыруға, ілеспе салалардың дамуын ынталандыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Сондай-ақ отандық тауар өндірушілер үшін тұрақты өткізу нарығын құруға, еліміздің экспорттық әлеуетін нығайтуға жол ашады.