АСТАНА, 20 мамыр - Sputnik. Қазақстанда сатылатын смартфондардың 75%-і сұр бизнес. Бұл туралы телекоммуникация комитетінің төрағасы Дамир Сейсембеков мәлімдеді.
Алынбаған салық аударымдарының сомасы шамамен 70-80 миллиард теңге.
"Сарапшылардың пайымдауынша, біздің елде сатылатын смартфондардың шамамен 75%-і көлеңкелі бизнес. Тіркелмеген және заңсыз әкелінген құрылғылардың айналымын шектеу үшін абоненттік құрылғылар тексеріледі", - деді комитет төрағасы.
Сондай-ақ бұл тұтынушылардың құқықтарын қорғап, оларға ресми заңды техниканы сатып алуға кепілдік береді. Жалпы, екі айда 3 миллионнан астам құрылғы тексерілді. Верификация белсенді түрде жалғасуда, деді спикер брифингте.
Қазақстанда 25 мамырдан бастап елге заңсыз әкелінген смартфондарды бұғаттай бастайтыны туралы хабарланған. Сейсембеков бұл тек жаңа телефондарға байланысты екенін айтты. Ал қолданыста жүрген смартфондарға жаңа заңның қатысы жоқ.