АСТАНА, 16 мамыр - Sputnik. Абай облысында заңсыз сақталған қаруды сатып алу акциясы жалғасып жатыр, деп хабарлайды өңір полициясы.
21 сәуірден бастап еліміздің барлық өңірлерінде халықтан заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сатып алу жөніндегі жыл сайынғы акция өтуде.
"Акцияның басты мақсаты — жазалау емес, алдын алу. Қоғам қауіпсіз болуы тиіс, ал әр азамат — саналы таңдау жасауы қажет. Акция толықтай ерікті және анонимді түрде жүргізіледі", - делінген хабарламада
Іс-шараны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 5 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді.
Акция басталғалы бері өңірде 31 азамат полицияға қару тапсыру туралы өтініш білдірген. Нәтижесінде 41 бірлік қару өтемақы негізінде қабылданды, оның ішінде:
ойық ұңғылы қару - 7;
тегіс ұңғылы қару - 34.
Айта кету керек, заңға сәйкес қару-жарақты өз еркімен тапсырған тұлғалар әкімшілік және қылмыстық жауапкершіліктен босатылады.