АСТАНА, 15 мамыр – Sputnik. ШҚО-да зейнеткердің атына заңсыз несие рәсімдеген күдікті ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Зейнеткер өз атына заңсыз несие рәсімделгенін айтып, полицияға арызданған. Тұрғынның айтуынша, ол үйінің ауласында жүрген кезде танысы телефонын аз уақытқа пайдалануға сұраған. Алайда құрылғы қолына түскен соң, күдікті бір банктың қосымшасы арқылы жәбірленушінің атына онлайн несие рәсімдеп, кейін 700 000 теңге көлеміндегі ақшаны иемденіп алған.
"Полиция қызметкерлері осы іске қатысты 37 жастағы күдіктіні анықтады және ол жасаған әрекетін мойындады. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", - делінген хабарламада.
Полиция тұрғындарды телефонды бөтен адамға бермеуге, жеке деректердің қауіпсіздігін қадағалап сақ болуға шақырады.