Астанада алғаш рет Қазақстан-Қытай көлік форумы өтіп жатыр

Шараға екі елдің бизнес-қауымдастығы мен көлік-логистикалық компанияларының 300-ден астам өкілі қатысып жатыр
Sputnik
АСТАНА, 15 мамыр – Sputnik. Астанада алғаш рет Қазақстан-Қытай көлік форумы өтіп жатыр, деп хабарлайды көлік министрлігі.
Қазақстан-Қытай көлік форумы
Форумды Қазақстан мен Қытай көлік министрлері Марат Қарабаев пен Лю Вэй ашты. Шараға екі елдің бизнес-қауымдастығы мен көлік-логистикалық компанияларының 300-ден астам өкілі қатысып жатыр.
"Іс-шарада SPG Циндао порттар тобы мен Қазақстанның Құрық порты арасында Меморандумға қол қойылды. Тараптар порттарды одан әрі дамыту, пайдалану және басқару процестерін оңтайландыру, ақылды (smart) әрі экологиялық таза порттар салу, қызметкерлерді оқыту, процестерді жетілдіру аясында ынтымақтастықты нығайтуға ниетті", - делінген хабарламада.
Форум аясында B2B және G2B кездесулер өтеді.
"Көлік ведомстволарының басшылары Ертіс трансшекаралық өзенін пайдалана отырып, “Ресей – Қазақстан – Қытай” мультимодальды транзиттік дәлізін құруды және трансшекаралық Іле өзені арқылы Қонаев қаласынан (ҚР) Инин қаласына (ҚХР) дейін өзен бағытын құруды талқылады. Тараптар "Майқапшағай-Зимұнай" өткізу бекетінде ауыр жүк көліктері өтетін жаңа шекара көпірін салып, 3-ші әуе дәлізін ашуды жоспарлап отыр", - дейді ведомство.
Күн тәртібінде Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарын Қытайдың көршілес аймақтарымен байланыстыратын екі жаңа автомобиль өткізу бекетін ашу мәселесі де қаралды.
Сонымен қатар тараптар "Алматы-Сиань" бағыты бойынша жолаушылар пойызын іске қосуды, екі ел арасындағы әуе рейстері санын аптасына 65-ке дейін арттыруды көздеп отыр.
Қазақстан мен Қытай Каспийдегі кен орнына барлау жүргізеді