Таразда депутатты соққыға жықты

Байғазиев ауруханаға жатудан бас тартты
Sputnik
АСТАНА, 14 мамыр – Sputnik. Тараз қаласында Алматы облысынан келген мәслихат депутатын соққыға жықты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сәйкес, Іле аудандық мәслихатының депутаты Нұрлан Байғазиев жұмыс сапарымен Тараз қаласына барған. 13 мамырда кешкі уақытта дәмханада болған. Сол жерде оны соққыға жыққан.
Жамбыл облыстық полиция департаменті депутаттың жарақат алғанын растады. Оған медициналық көмек көрсетілді. Алайда Байғазиев ауруханаға жатудан бас тартты. Ал оған жұдырық жұмс аған ер адам анықталды.
"Бұзақылық қылмысына қатысы бар азамат анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр", - дейді полицейлер.
Қылмыстық кодекстің 293-бабы, 1-бөлігі (бұзақылық) сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл қылмыс үшін 500-ден (1 966 000 теңгеден) 2000 (7 864 000 теңгеге) АЕК-ке дейiнгi мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жүмыстарына немесе 300-ден 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, я болмаса, екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Еске сала кетейік, таяуда Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовті атып кеткен болатын. Ол ауыр халде ауруханаға түсті.