АЛМАТЫ, 13 мамыр - Sputnik. Шымкент тұрғыны терроризмді насихаттағаны және діни алауыздықты қоздырғаны үшін жазаланды, деп хабарлайды қалалық сот.
Сотталушыға "Телекоммуникация желілерін пайдалана отырып ұлттық, дiни алауыздықты қоздыру, және онлайн платформаларды пайдалана отырып терроризмді насихаттау" бойынша айып тағылды.
"Сотталушы 2024 жылдың маусымы мен қыркүйек айларында Шымкент қаласында ұялы телефон арқылы "Youtube" платформасында канал ашып, халықаралық экстремистік ұйымның көзқарастарына жататын бейнежазбаларын салып, терроризмді насихаттаған. Өзге ұлт және дін өкілдерінің дiни сезiмдерiн қорлап, оларды жек көруге шақыратын ұлттық, дiни алауыздықты қоздыруға бағытталған бейнежазбаларды "Тик-Ток" желісіне салған", - дейді ведомство.
Күдіктінің кінәсі толық дәлелденді. Ол кінәсін мойындап, өзіне жеңіл жаза сұраған.
Сотталушыға 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.