АСТАНА, 9 мамыр – Sputnik. Алматыда Жеңістің 80 жылдығына орай ауқымды мерекелік іс-шаралар өтіп жатыр.
28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябаққа мыңдаған қала тұрғыны жиналды. Мерекенің басты қонақтары – соғыс және тыл ардагерлері. Сондай-ақ мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғам қайраткерлері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері және қала тұрғындары жиналды.
Мереке Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды.
Ардагерлерге дала асханасынан дастархан жайылып, арнайы шатырда бөлек концерттік бағдарлама да ұйымдастырылды.
Алда мерекелік концерттер мен басқа да шаралар бар. Сондай-ақ 10 және 11 мамырда 28 гвардияшы панфиловшылар саябағында ашық аспан астында Жеңіс әндері орындалады.
Сағат 19:00-де "Көк-Төбе" телемұнарасында Жеңіс күнімен мультимедиялық құттықтау басталады.
Кешкі бағдарлама Ұлы Отан соғысындағы қазақстандық батырларды бейнелейтін дрон шоуымен аяқталады.