АСТАНА, 8 мамыр – Sputnik. Ресей Қарулы күштерінің Жоғарғы бас қолбасшысы, президент Владимир Путин жариялаған Ұлы Жеңістің 80 жылдығын мерекелеу аясында атысты тоқтату күндері басталды.
Ресей гуманитарлық ұстанымға сүйене отырып, Жеңістің 80 жылдығына орай мамырдың 7-сінен 8-іне қараған түні сағат 00:00-ден (Астана уақыты бойынша 02:00) мамырдың 10-ынан 11-іне қараған түні сағат 00;00-ге дейін (Астана уақыты бойынша 02:00) атысты тоқтату туралы жариялады, деп хабарлады Кремль 28 сәуірде.
Ресейдің бұрын ұсынған Пасха бітімінің мақсаты, сондай-ақ 8-10 мамыр аралығындағы мерекелер үшін бітім жариялау туралы қазіргі бастама Киевтің Ресей мен Украина арасындағы ұзақ мерзімді тұрақты бейбітшілікке қол жеткізу жолдарын іздеуге дайындығын тексеру болып табылады, деді Кремль баспасөз хатшысы Дмитрий Песков журналистерге.
Атыс тоқтатылады, бірақ Киев режимінен де осындай әрекет болмаса және ресейлік позицияларға немесе нысандарға соққы беру жалғаса берсе, дереу тиісті жауап беріледі, деді Песков.
Владимир Путин бұған дейін жариялаған Пасха бітімі 19 сәуірде сағат 18:00-ден 21 сәуірде сағат 00:00-ге дейін күшінде болды. Президент Украина Ресейден үлгі алып, дәл осындай шешім қабылдайды деп есептейтінін мәлімдеді.
Дегенмен, Путин ресейлік әскер қарсы тараптың соққы әрекеттеріне тойтарыс беруге дайын болуы керектігін ескертті. Кейін Ресейдің қорғаныс министрлігі атысты тоқтату режимі кезінде украиналық тараптың бітімді 4,9 мың бұзуы тіркелгенін хабарлады.