АСТАНА, 2 мамыр – Sputnik. Алматы қаласында және Абай облысында жанар-жағармай материалдарының заңсыз айналымының ірі фактісі анықталды, деп хабарлады мемлекеттік кірістер комитеті.
2025 жылдың 30 сәуірінде Алматы қаласындағы мұнай базаларының бірінде тексеру іс-шаралары барысында құны 35 миллион теңгеден аасатын 177 100 литр жанар-жағармай материалдары анықталды.
"Өнімдер резервуарларда, бензин тасымалдау көліктерінде және пластик ыдыстарда тиісті құжаттарсыз сақталған. Материалдар процестік шешім қабылдау үшін Алматы қаласының экономикалық тергеу департаментіне жолданды", - деп жазылған хабарламада.
Бұған дейін, 25 сәуірде, Семей қаласында жүргізілген жоспардан тыс салықтық тексеру нәтижесінде салық есебіне алынбаған, қызметті заңсыз жүзеге асырған, тіркелмеген автожанармай құю станциясы анықталды.
Құны шамамен 19 миллион теңге 70 тоннадан астам мұнай өнімдері алынды. Материалдар Абай облысының экономикалық тергеу департаментіне жолданды.