АСТАНА, 29 сәуір – Sputnik. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова оқ жарақатын алған Берденовтің қазіргі жағдайы туралы айтып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке үш рет оқ атылған болатын. Ауруханаға түскенде жағдайы ауыр болды.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың айтуынша, қазіргі кезде Берденов өздігімен жүре алады.
"Қазіргі кезде пациенттің жағдай тұрақты. Өздігімен жүре алады. Дегенмен әзірше дәрігерлердің бақылауында болады", - деді Әлназарова үкіметте өткен брифингте.
Айта кетері, Берденовке оқ атылғаннан кейін әлеуметтік желіде сан алуан болжамдар тарады. Әкімдік оның бәрін жоққа шығарды.