АСТАНА, 25 сәуір – Sputnik. Петропавл мен Қызылжар ауданында су тасқынының үшінші толқыны өтіп жатыр. Бұл туралы облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қазіргі кезде өзендер мен гидротехникалық нысандардың жағдайы тәулік бойы бақыланып жатыр. Барлық қызмет күшейтілген режимде жұмыс істеуге кірісті.
"Тепличное ауылында елді мекеннің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қорғаныс бөгетін нығайту бойынша алдын алу шаралары жүргізілуде. Бұл жұмыстар түнде де жалғасты. Оған Төтенше жағдайлар министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Ұлттық гвардия және жергілікті атқарушы органдардың 900-ден астам қызметкері жұмылдырылған. Тасқын жағдайы ерекше бақылауда", - деп жазды Нұрмұхамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында.
Айта кетері, бұған дейін су ресурстары және ирригация министрлігі үш облыста су тасқынының белсенді кезеңі аяқталғанын хабарлады.