Қостанай облысында микроқаржы ұйымы тұрғындарға 100% үстемемен заңсыз қарыз берген

Қаржылық мониторинг агенттігі заңсыз микрокаржылық қызметін атқару фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
Sputnik
АСТАНА, 24 сәуір – Sputnik. Қостанай облысында микроқаржы ұйымы тұрғындарға 100% үстемемен заңсыз қарыз берген.
Агенттіктің мәліметінше, күдікке ілінген ұйым жетекшісі 2020 жылдан бастап тиісті лицензиясыз азаматтарға пайызбен және мүлік кепілдігімен "OLX" пен "Instagram" мобилді қосымшалары арқылы қарыз берген.
"Келісімшарт жасасу кезінде несиелік мәмілені заңды етіп көрсету үшін ол қарыз сомасын шын мәніндегі сомадан әлдеқайда көп етіп көрсеткен. Себебі бұл сомаға жылдық 100%-ға дейін баратын алдын ала есептелген сыйақылар енгізілген", - делінген агенттік хабарламасында.
Осылайша күдікті жалпы көлемі 100 миллион теңгеден астам қаражатты қарызға берген.
Ал оның заңсыз әрекеттерінің салдарынан қарапайым азаматтардың құқықтары мен мүдделері бұзылған. Олар қарыз алудың тиімсіз, ауыр шарттарының құрбанына айналған.
Жедел қаржылық көмек іздеген кейбір тұрғындар жоғары пайыздық мөлшерлемемен берілген қарыз салдарынан мүлкінен айырылу қаупі бар қаржылық тұзаққа түскен.
Ведомство атап өткендей, заңсыз жолмен алынған табыстың көзін жасыру үшін күдікті таныс бухгалтерді тартқан. Олар бірігіп ақшаны жылыстатудың схемасын жасап, табысты көлік жөндеу қызметімен айналысатын кәсіпорынның заңды кірісі ретінде көрсеткен.
Ол үшін күдікті жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, шын мәнінде жұмыс істемейтін көлік жөндеу станциясының атынан фискалдық чектер шығарып отырған.
Нәтижесінде күдікті заңсыз қызметінен түскен 60,6 миллион теңгеден астам кірісті заңдастырған.
Соттың санкциясымен тәркілеу мақсатында оның пәтеріне және банктік шоттарындағы 28 миллион теңге сомасындағы қаражатына тыйым салынды.
Тергеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Түркістан облысында алаяқ тұрғындарды 92 млн теңгеге алдаған