АСТАНА, 23 сәуір – Sputnik. Астанадағы алып шолу дөңгелегінде Абай Құнанбайұлының цифрлық портретін тағы көруге болады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Биыл ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай Астанадағы шолу дөңгелегінде ағартушының алып портреті қайтадан жарияланды.
"LED жарықтандырудың көмегімен жасалған портреттің диагоналі 65 метрді құрайды және 53 мың пиксельден тұрады. Бұл ауқымды инсталляция қаланың әртүрлі орындарынан – Сарыарқа мен Тұран даңғылдарынан, сондай-ақ Қорғалжын тас жолы жағынан жақсы көрінеді", - делінген әкімдіктің ресми хабарламасында.
Алдағы уақытта дөңгелекке ақынның қанатты сөздері жарияланатын болады. Осылайша, инсталляцияны барынша толықтыру жоспарланып отыр.
Айта кетері, Астанада Абайдың алып цифрлық анимациясы шолу дөңгелегіне алғаш рет былтыр тамыз айында шығарылған болатын.