АСТАНА, 18 сәуір – Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысына жұмыс сапары аясында туризмнің қарқынды дамуына жол ашатын бағыттарды атады, деп хабарлады Ақорда.
Мемлекет басшысы былтыр облысқа шетелден 43 мың турист келгенін еске салды.
"Жазда қонақ үйлердің 90 пайыздан астамы бос болмайды. Бекет Ата жерасты мешітіне, Бозжыра шатқалына, Айрақтыдағы "Қамалдар алқабына" және Торыштағы домалақ тастарға туристер өте көп барады. Маңғыстауға келетін әрбір оныншы адам осы нысандарға арнайы соғады", - деді Тоқаев.
Ол осы орайда туристерге, әсіресе, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдай жасау қажет екенін айтты.
"Мен мұны үнемі айтып жүрмін. Осы бағыттағы жұмысты жалғастыру қажет. Бекет Ата жерасты мешітіне көтерілу үшін автоматты қондырғы орнату туралы ұсынысты мұқият қарау керек. Жалпы, туристік нысандарға сондай жүйе орнату әлемдік тәжірибеде бар. Бірақ кесене – халқымыз үшін киелі орын. Сондықтан жұртшылықпен, түрлі мамандармен ақылдасып, жан-жақты ойластырып шешім қабылдаған жөн. Мен бұл ұсынысты қолдаймын", - деді президент.