АСТАНА, 16 сәуір – Sputnik. Жамбыл облысында жанармай құю бекетінде шетелдікке пышақ сұққан адам 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қазір суық қаруды қолдану арқылы жасалған шабуыл фактісі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр.
"Осы факті бойынша Қылмыстық кодекстің 293-бабының 3-бөлігі бойынша (пышақпен жасалған бұзақылық) 7 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейтін қылмыстық іс қозғалды", - деп жазылған ІІМ таратқан хабарламада.
Жедел-тергеу тобының жұмысын үйлестіру үшін өңірге ІІМ орталық аппаратының қызметкерлері жіберілді. Оқиға толық және жан-жақты тергеледі.
Күдіктінің іс-әрекетін қайта саралау туралы мәселе тергеу әрекетінің нәтижесі және қадағалау органының келісімі бойынша қаралады.
Сонымен қатар адвокаттың өтініші бойынша жәбірленушіге полиция қызметкерлері қатарынан күзет қамтамасыз етілді.
Тергеу барысы ішкі істер министрінің ерекше бақылауында.