АСТАНА, 16 сәуір – Sputnik. М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде (ММУ) Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев оқу орнының ректоры Виктор Садовничиймен кездесті, деп хабарлады елшіліктің баспасөз қызметі.
Елші университеттің биыл аталып өтіп жатқан 270 жылдығымен құттықтады. Ол көптеген жыл бойы университет жоғары білікті кадрлардың шеберханасы болғанын және Қазақстан мен Ресей арасындағы тату көршілік және достық қарым-қатынастың дамуына елеулі үлес қосып келе жатқанын атап өтті.
"Тараптар ғылым мен білім саласындағы өзара іс-қимылды дамыту мәселелерін және бірқатар бірлескен жобаны талқылады. Келешекте де ММУ-де Қазақстан үшін кәсіби кадрлар даярланатынына сенім білдірілді", - деп жазылған хабарламада.
Атап айтқанда, бүгінде ЖОО-ның Мәскеу кампусында 179 қазақстандық тұрып, білім алуда. Ал ММУ-дың Қазақстандағы ширек ғасыр бойы табысты жұмыс істеп келе жатқан филиалы басқа да талапкерлерге елден тыс шықпай-ақ білім алуға мүмкіндік беруде. Қазіргі уақытта филиалда күндізгі бөлімде 500-ге жуық жас оқиды. Бұл Университеттің бірегейлігінің, сұранысқа ие екендігінің және білім беру әлеуетінің дәлелі саналады.