Кептелісте тұрып қалған: Хромтауда полиция жүкті әйелді перзентханаға жеткізді

Sputnik
АСТАНА, 11 сәуір – Sputnik. Хромтау қаласында полиция кептелісте тұрып қалған жүкті әйелді перзентханаға жеткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
10 сәуірде әлеуметтік желілерде Хромтау қаласының тұрғыны өзінің отбасы атынан полиция қызметкерлері Ақтөбе қаласының №2 қалалық полиция бөлімінің қызметкерлері Асан Абенов пен Серікбай Таймұхановқа алғыс айтқан жазба жариялады.
"Келініміз толғатып, Хромтау қаласынан Ақтөбеге жолға шыққан едік. Қала ішінде көлік өте көп болды, ұзақ уақыт кептелісте тұрып қалдық. Қасымыздан өтіп бара жатқан қызметтік көліктен көмек сұрап өтініш білдірдік. Олар сөзімізді жерге тастамай, Ақтөбе медициналық орталығына дейін жол ашып, жылдам жеткізіп тастады", - деп жазды автор.
Полиция қызметкерлері Серікбай Таймұханов пен Асан Абенов сәбидің аман-сау дүниеге келгенін жүріп естіп, шын жүректен қуанды.
"Қызметте жүрген кезде осындай жағдайдың әлеуметтік желілерде тарайтынын мүлде ойламадық. Ауруханаға жеткізген соң, жарты сағаттан кейін келіншектің жұбайы хабарласып, қыз баланы дүниеге әкелгенін айтып қуанышын жеткізді. Бұл біз үшін ерекше сәт болды", - дейді полиция қызметкерлері.
Жүкті әйелдің өлімі: вице-министр аудандық ауруханаға барды