АСТАНА, 10 сәуір - Sputnik. Қазақстанда Жеңіс күніне деген көзқарас әрқашан ерекше болған және бола береді, деді мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Ұлттық құрылтайға қатысушылармен кездесуде.
Ол тарихтың әртүрлі кезеңдерін бір-біріне қарама-қарсы қоюға болмайтыны басты қағидалардың бірі екенін еске салды.
"Өйткені мұның бәрі ортақ тарихымыздың бір бөлігі. Жалпы, біздің қоғамда тарихи мәселелерге қайшылықсыз, сындарлы көзқарас қалыптасқан. Мысалы, Қазақстанда Жеңіс күніне деген ерекше көзқарас болған және бола береді", - деді Ерлан Қарин.
Мемлекеттік кеңесші үкімет Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына дайындық және мерекелеу жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіткенін айтты.
"Ол 94 тармақтан тұрады және республика бойынша 2 мыңнан астам іс-шара мен акция өткізуді көздейді. Сондай-ақ, осындай мерекелік іс-шаралардың өңірлік жоспарлары бекітіліп, жүзеге асырылуда", - деді мемлекеттік кеңесші.
Ерлан Қарин жыл сайын ондаған мектеп пен жүздеген көшеге Жеңіс батырларының есімдері беріліп жатқанын және бұл жүйелі жұмыс алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.