Теміртауда зейнеткерді ұрып-соққандар қамауға алынды - күдікті ретінде 9 адам танылған

Күдіктілердің ата-аналарына қатысты да қылмыстық іс қозғалды
Sputnik
АЛМАТЫ, 8 сәуір - Sputnik. Қарағанды облысы Теміртау қаласында зейнеткерді ұрып-соққан жасөспірімдер екі айға қамауға алынды, деп хабарлайды облыстық прокуратура.
Бұл оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің 191-бабы 3-бөлігінің 3-тармақшасы "Тонау" бойынша қылмыстық іс қозғалған.

"Күдікті ретінде танылған 9 адамның барлығы, оның ішінде 7 кәмелетке толмаған уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оларға қатысты Теміртау қалалық соты екі ай мерзімге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады", - делінген хабарламада.

Прокуртураның мәліметінше, қылмыс ауыр болғандықтан бұлтартпау шарасының ең қатаң түрі таңдалған.
Қазіргі уақытта сараптама жасалып, тергеу жүріп жатыр.
"Сонымен қатар кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамаған күдіктілердің ата-аналарына қатысты да қылмыстық іс қозғалды. Бұл факті бойынша бөлек тергеу жүргізілуде", - дейді облыстық прокуратура.
Теміртауда жасөспірімдер қарияны өз үйінде соққыға жыққан