Алматы әкімінің орынбасары жауапқа тартылды

Мемлекеттік қызметшілер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төледі
Sputnik
АСТАНА, 8 сәуір — Sputnik. Түрксіб ауданының прокуратурасы кәсіпкерлік субъектілерін заңсыз тексерген әкімдік қызметкерлерінің құқыққа қарсы әрекеттерінің жолын кесті, деп хабарлады ведомство.
Алматы қаласы әкімі орынбасарының тапсырмасы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына мониторинг жүргізу барысында аудан әкімдігінің қызметкерлері өз өкілеттіктерін асырып, кәсіпкерлерден құжаттарды заңсыз негізде ұсынуды талап еткен.

"Мұндай әрекеттер заңнамаға қайшы келеді, себебі тексерушілерде бизнестен құжаттаманы талап ету үшін құқықтық негіздер болмаған. Тексеру жүргізу тәртібін бұзу фактілері бойынша әкімдіктің 6 лауазымды тұлғасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды", - дейді Түрксіб ауданының прокуратурасы.

Ал Алматы қаласы әкімінің орынбасары кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқаны үшін (100 АЕК мөлшерінде айыппұл салу арқылы) жауапқа тартылды. Қазіргі уақытта барлық айыппұл қысқартылған тәртіппен төленді, делінген хабарламада.
Мемлекеттік мүлікті талан-таражға салған шымкенттік шенеунік сотталды