АСТАНА, 7 сәуір – Sputnik. Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты автокөлікті басқару кезінде мемлекеттік нөмірін жасырған азаматтың ісін қарады.
Жауапкердің кінәсі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, бейнежазбамен және басқа да іс материалдарымен расталды.
Мұндай заң бұзушылық үшін 5 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу және 1 жыл мерзiмге көлiк құралдарын басқару құқығынан айыру түріндегі жазаны қарастырылған.
Сот жаза тағайындау барысында осыған ұқсас бап бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту фактілерінің жоқтығын, жасаған әрекетіне өкінуін жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді.
Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
"Сот қаулысымен ер адам кінәлі деп танылып, оған 1 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыра отырып, 1 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды", - деп жазылған сот таратқан хабарламада.
Қаулы заңды күшіне енді.
Еске салайық, жол қозғалысы ережесіне сәйкес, мемлекеттік тіркеу нөмірлері болмаған немесе олардың тіркеу құжаттарына сәйкес келмейтін жағдайларында жүргізушіге көлік құралын басқаруға тыйым салынады.